homepage
Фото: Ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Халықтың жол сапасына көңілі толмайды

03.03.2026, 12:31

Өткен жылы жергілікті жолдар мен көшелердің жағдайына байланысты азаматтардан 60 мыңға жуық шағым түскен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің сөзінше биыл жыл басынан бері-ақ жолдың сапасына қатысты шамамен 7,5 мың шағым тіркелген. Тұрғындар Доссор – Ақтау, Атырау – Орал бағыттарындағы жолдардың тозғанын айтса, туризм өкілдері Жетісу және Абай облыстарындағы, соның ішінде Алакөлге апаратын өңірлік жолдардың күтіміне көңілі толмайтынын жеткізген.

Үкімет басшысы әкімдіктер азаматтардың өтінішіне жедел жауап беруге, түсіндіру жұмысын күшейтуге және жөндеу барысын қатаң бақылауды тапсырды. Оның айтуынша, сапалы жол тек қозғалыс қауіпсіздігі емес, өңірлердің экономикалық дамуы мен инвестициялық тартымдылығына да тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ жол құрылысы мен жөндеу кезінде технология талаптарын сақтау және жобаларды уақытында аяқтау міндеті тек Көлік министрлігіне емес, өңір әкімдіктеріне де жүктелмек.