Елде 2025 жылы тағы алты бағыттағы 1900 шақырымнан астам жолға ақы алынады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақылы жүйе Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал (554,6 км), Бурылбайтал – Күрті (226,4 км), Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат (89 км), Талдықорған – Өскемен (773 км), Атырау – Астрахань (277 км) және Мерке – Шу – Бурылбайтал (78 км) бағыттарында іске қосылады.
Қазірдің өзінде ел бойынша жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырым болатын 26 ақылы жол учаскесі жұмыс істеп тұр. Жаңа бағыттар іске қосылса, ақылы жолдардың ауқымы айтарлықтай ұлғаяды.
Ақылы жүйенің кеңеюі жол күтіміне түсетін қаржыны көбейтуге бағытталғанымен, бұл шешім тасымал құнына және өңірлер арасындағы логистика бағасына тікелей әсер етуі мүмкін.