homepage
Фото: Ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Өскемен әуежайының бұрынғы басшылары сотталды

03.03.2026, 11:26

Өскеменде әуежайдың экс-президенті мен бұрынғы атқарушы директоры аса ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін сотталды. Тергеу дерегінше, мемлекетке 157 миллион теңге залал келген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2018–2023 жылдар аралығында әуежай басшылығы қызметтік өкілетін пайдаланып, қаржыны жүйелі түрде иемденіп отырғанын анықтады. Олар азаматтық-құқықтық келісімшарттар арқылы сыртқы ұйымдардың қызмет ақысына жұмсалатын шығынды қолдан өсіріп, құжаттағы сома мен нақты төлем арасындағы айырманы өзара бөліскен.

Сот үкімімен компанияның бұрынғы президенті 8 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұрынғы атқарушы директор 7 жылға сотталып, 10 жылға белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан шеттетілді. Оның кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, жаза өтеу мерзімі бала 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды. Жабдықтау бөлімінің экс-басшысы 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды, алайда рақымшылық туралы заңға сәйкес мерзім 1 жылға дейін қысқартылды.

Сот «Өскемен әуежайы» акционерлік қоғамының азаматтық талабын да қанағаттандырды. Бұрынғы президенттен 120,5 миллион теңге өндірілді. Онымен бірге атқарушы директордан ортақ тәртіппен 18,7 миллион теңге, ал жабдықтау бөлімінің экс-басшысымен бірге 2,1 миллион теңге өндіру туралы шешім шықты.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі әуежайда жалақыны негізсіз көтеру, жалған сыйақы рәсімдеу, мүлікті аффилирленген тұлғаларға арзанға сату және коммерциялық нысандарды арзан бағада жалға беру сияқты схемалар анықталғанын мәлімдеген еді. Күдіктілердің 126 миллион теңге көлеміндегі мүлкіне – төрт пәтер, жер телімі және екі автокөлікке – сот санкциясымен тыйым салынған.