homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Астанада LRT құрылысы тағы 5 жылға созылады

03.03.2026, 10:13

Елордада жеңіл рельсті көліктің (LRT) екінші кезеңінің құрылысы кемінде бес жарым жылға созылуы мүмкін. Бұл туралы әкімдікке қарасты City Transportation System компаниясы жариялаған жобалық құжатта көрсетілген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Құжатта көрсетілгендей LRT құрылысының екінші кезеңі 2026 жылдың екінші тоқсанында басталуы мүмкін. Алайда нақты күні жобаның келісіліп, барлық рұқсат қағаздарының алынуына байланысты. Жоспар бойынша құрылыс 68 айға созылады. Пайдалану мерзімі – 100 жыл.

Екінші кезең екі бағыттан тұрады. Жаңа желі Қабанбай батыр даңғылынан басталып, Сығанақ, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран, Сарыарқа, Жеңіс даңғылдары арқылы теміржол вокзалына дейін барады. Тағы бір тармақ Қарқаралы тас жолымен қала шетіне дейін жалғасады. Жалпы ұзындығы 26,5 шақырым. Оның басым бөлігі Астана аумағында, шағын бөлігі Қосшы қаласына кіреді.

Жоба аясында екі депо салу көзделген. Жаңа желілер бірінші кезеңмен түйісіп, біртұтас көлік жүйесін құрайды. Пойыздар екі вагоннан тұрады, ең жоғары жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді.

Құжатта көрсетілгендей, бағыт Талдыкөл маңынан 500 метрден сәл асатын қашықтықта өтеді және Есіл өзенін кесіп өтеді.