Президенттің жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиева қызметінен босатылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Серғазиеваның 2022 жылы осы лауазымға тағайындалуы әлеуметтік желіде біраз дау туғызған болатын. Үлде мен бұлдеге оранып, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіге салып, сән-салтанатқа толы өмірін жарыса жария еткен шендінің бұл қылығы қазақстандықтардың ашуын туғызған.
Әсіресе, оның Рас-әл-Хаймадағы Louis Vuitton пакеттері және құны 1,8 млн теңге тұратын сәнді сөмкесімен түскен суреті қызу талқыланған. Желідегі жұрт шендінің мұншама байлыққа қалай кенелгеніне жауап іздеген болатын.
Оның орнынан Ұлан Бекіш тағайындалды. Ол бұған дейін Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығының бас директоры қызметін атқарған. Әр жылдары білім, денсаулық сақтау салаларында және квазимемлекеттік секторда еңбек еткен.