homepage
фото: ашық дереккөзден

Айыппұлдарға 50% жеңілдік алынып тастала ма?

02.03.2026, 20:14

ІІМ жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын жүргізушілер үшін айыппұлдарға 50% жеңілдікті алып тастау мәселесіне қатысты өз шешімін жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Ведомствоның баспасөз қызметі бұл бастаманың шынымен қаралғанын айтады. Әңгіме бір жыл ішінде 10 және одан да көп жол ережесін бұзған жүргізушілерге қатысты. 

Алайда, бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау таппаған. ІІМ түсіндіруінше, оны жүзеге асыру үшін рәсімді нақты заңнамалық тұрғыда регламенттеп, сондай-ақ құқықбұзушылықтарды қоғамдық қауіптілік деңгейіне қарай талдап, саралау қажет болады. 

Еске салсақ, айыппұлды төлеу кезінде 50 пайыздық жеңілдік жасау әдісі Қазақстанда 2015 жылы енгізілген. Жолдағы тәртіпті жиі бұзатын жүргізушілер үшін жеңілдікті алып тастау бастамасын ІІМ алғаш рет 2022 жылы көтерген. Ол кезде жыл ішінде бес реттен көп құқықбұзушылық жасаған жүргізушілер туралы айтылған. 

2025 жылғы ақпанда Сенат депутаты Марат Қожаев Премьер-министр Олжас Бектеновке жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатындарға жауапкершілікті күшейту бастамасымен жүгінген. Сенатор бұдан бөлек 10 және одан да көп бұзушылығы бар жүргізушілерге емтиханды қайта тапсыртуға, камералармен тіркелген қайталама бұзушылықтар үшін уақытша жүргізуші куәлігінен айыруды да ұсынған. Биыл Қожаев бұл ұсыныс қайта көтерді. Оның пікірінше, 11-нші рет жол ережесін бұзған жүргізуші айыппұлды толық төлеуі тиіс.