Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті маңында орналасқан синагоганы полиция тәулік бойы кезекшілікпен күзетуге кірісті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Астана полиция департаментінің хабарлауынша, бұл әдепкі жағдай. Қаладағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қабылданған шара. Ресми түрде ауданда ешқандай төтенше жағдай тіркелмеген. Тұрғындар полиция бұл нысанды бұдан бұрын да күзеткенін айтады.
Атап айтқанда, полиция Палестина-Израиль қақтығысының шиеленісуі және әлемдегі антисемитизмнің күшеюі кезінде синагоганы маңына күзет қояды. Мысалы, 2023 жылы Хамас содырлары Израильді Газа секторынан зымыранмен атқылап, Израиль авиациясы Хамас позицияларына соққы берген сәтте де елорда полициясы осындай қауіпсіздік шараларын жасаған.
Еске сала өтсек, 2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ-тың әскери базаларына және басқа да нысандарға қарсы шабуыл жасады. Өзара шабуылдар әлі де жалғасып жатыр. Таяу Шығыстың әуе кеңістігі жабылып, БАӘ, Қатарда жүрген қазақстандықтар елге қайта алмай отыр.