ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз”, – деп басталады мәлімдеме.
Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдіреміз дей келе, ведомство қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтеді.
Қазақстан халықаралық даулар мен қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын қатаң сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі өзінің қағидатты ұстанымының өзгермейтінін растайды. Өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу мақсатында барлық тараптарды барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз”, – делінген жарияланған мәлімдемеде.