homepage
фото: ашық дереккөзден

Қазақстандықтардың проблемалық қарызы рекордтық деңгейге жетті

02.03.2026, 10:44

Қазақстандықтардың отандық банктерге 90 күннен кешіктірілген несие қарызы 1,65 триллион теңгеге жетті. Қайтарылмаған қарыздың 60%-дан астамы еліміздегі ең ірі екі банк – Halyk Bank пен Kaspi Bank-ке тиесілі.

Halyk Bank-тегі үш айдан бері төленбеген кредит көлемі 535 млрд теңгеден асқан. Ал, Kaspi Bank-тің 7,6 трлн теңге кредит портфелінің 457,8 млрд теңгесінің төленбегенінен 90 күннен асып кеткен. Дегенмен, бұл жағдай тек халықтың төлем қабілетінің күрт нашарлауымен ғана байланысты болмауы мүмкін.

Бұрын банктер үмітсіз қарыздарды коллекторларға сатып, осылайша өз балансын «тазартып» отыратын. Қазір коллекторлар тек қызмет көрсетуші компания рөлінде ғана қалып, қарызды өз иелігіне ала алмайды. Соның салдарынан банктер проблемалық несиелерді өз статистикасында көрсетуге мәжбүр. 

Проблемалы несиенің үлесі бойынша ВТБ Банкі (9,49%), BNK (8,23%) және Alatau City Bank (7,63%) көш бастап тұр. Ал ADCB Ислам банкі (0,09%), Отбасы банк (0,12%) және Шинхан Банк (0,49%)  несие тәртібі қатаң банктер деп танылды.