Ирандағы соғыс пен Ормуз бұғазында танкерлерге жасалған шабуылдар мұнай бағасының күрт өсіміне әкелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мұнай бағасы дүйсенбі, 2 наурыз күні сауда-саттықты айтарлықтай өсіммен бастады. Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстерінің құны 13,04 пайызға өсіп, барреліне 82,37 долларға жетті. Бұл Астана уақытымен сағат 04:00-дегі сауда деректері.
Соңғы рет Brent мұнайы барреліне 82 доллардан жоғары деңгейде осыдан бір жылдан бұрын, нақтыласақ 2025 жылдың 16 қаңтарында саудаланған болатын. Кейін өсім баяулап, мұнай барреліне 79,38 доллардан саудаланды.
Ормуз бұғазы ресми түрде жабылған жоқ, алайда үш танкер шабуылға ұшырады, ірі мұнай компаниялары мен трейдерлер мұнай, жанармай және сұйытылған табиғи газ (СТГ) жөнелтуді уақытша тоқтатты. Бұғаз арқылы өтетін кеме қозғалысы 38–50 пайызға азайған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, MarineTraffic кемелерді бақылау платформасының Ормуз бұғазынан тыс Парсы шығанағының ашық айлағында кемінде 150 танкер, соның ішінде мұнай тасымалдайтын кемелер зәкір тастаған. Тағы ондаған кеме бұғаздың екінші жағында — Араб теңізінде тұр. Сарапшылардың пікірінше, егер Ормуз бұғазы толықтай жабылса, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып кетуі мүмкін.