homepage
фото: коллаж Juzmedia

Ирантанушы: Бұл соғыс ұзаққа созылуы мүмкін

02.03.2026, 07:32

Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскер операциясының ауқымы да, қарқыны да күн өткен сайын ұлғайып барады. Бұл ұзаққа созылуы мүмкін деп санайды ирантанушы Жәнібек Көпжасар. Бәрі қалай басталып еді, Хаменеиді сатқан кім, Ирандағы режимнің құлауы Қазақстанға тиімді ме? Ресей ықпалынан айырылып, Қытайда дағдарыс болуы мүмкін бе? Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

-    Таяу Шығыстағы бұл оқиғалардың түп-тамыры неде? Бәрі қалай және қашан басталып еді?

Иранда 1979 жылы шах режимі құлап, орнына Ислам мемлекеті орнады. Шах режимін билік басынан кетірген де осы Батыс елдерінің ықпалы болатын. Өйткені, Иранның соңғы шахы Мұхаммед Риза Пехлеви 70-ншы жылдары мұнайды мемлекетке қайтарып, Америкадан тыс жеке, тәуелсіз саясатын жүргізе бастады. Мұндай саясат АҚШ пен Ұлыбританияға ұнамағаны анық. Осыны пайдаланып оны тақтан түсіріп, орнына Францияда қашқында жүрген Әли Хаменеиді әкеледі. Бірақ Хаменеи билікке келгеннен кейін АҚШ-тың Ирандағы елшілігінің қызметкерлерін кепілге алады. АҚШ пен Иран арасындағы келіспеушілік содан басталады. Ол әрине асында кейде саябырсыды, кейде күшей түсті, бірнеше рет тараптар келісімге де келген. Алайда, Трамптың бірінші билікке келуімен қарым-қатынас қайта ушыға түсті. Осы кезде «Иран ядролық қару жасап жатыр» деген ақпар тарады. Мұны естіген Израиль өзінің АҚШ-тағы лоббиін пайдаланып, Трамп президенттігінің бірінші мерзімінде Иранға деген қысымын күшейтті. Бүгінгі болып жатқан жағдайда әрине, Иранда қаңтар айындағы көтеріліс те өз себебін тигізді. Көшеге шыққан халықты Иран билігі аяусыз басып-жаншыды. 30 мыңнан 50 мың аралығында адамдар қаза тапты деген дерек бар. Бұл Иран билігін шайқалтып жіберді. Халық та жаппай наразылық көрсетті және биліктің өзінің ішінде де халықты қатты басып-жаншығанына қарсылық танытқан тұлғалар да болды. Соңы осындай жағдайларға алып келді. 

-    Іштен шыққан жау жаман. Хаменеидің өліміне іштегі іріткілердің де әсері болуы мүмкін бе?

Ия, оны сарапшылар да айтып жатыр. Хаменеидің бұлай тез өлтірілуінде бір гәп бар. Оның айналасында жүрген адамдардың бірі - Израильдің немесе АҚШ-тың барлау қызметіне жұмыс істеген болуы мүмкін. 

-    Иранның Хаменеи режимінің құлауы кімге тиімді, кімге тиімсіз?

Иран Ормуз бұғазын жапты. Бұл мұнай бағасына әсер етеді. Мұнайдың бағасы көтеріледі. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасы үшін жағымды жаңалық. Бірақ, ұзаққа созылып кетсе әлемдік дағдарысқа алып келеді. Екіншіден, Иранға салынған көпжылғы санкциялар алынса теңізге шығар жолы жоқ Қазақстан үшін бұл тағы бір мүмкіндік ашпақ. Қазіргі Иран - Ресей мен Қытайдың серіктесі деуге болады. Ресей Сирияны уысынан шығарып алғаннан кейін Таяу Шығыстағы ықпалын осы Иран арқылы жүргізіп отырған болатын, енді бұдан былай Ресейдің Таяу Шығыс, Парсы шығанағы елдері, жалпы араб әлеміндегі ықпалы осымен тоқтайды. Ал, Венесуэла мұнайын қолына алған АҚШ енді Иранның шикізатына да иелік етпек. Бұл Қытайға экономикалық тұрғыдан соққы болады. Өйткені, Қытай осы кезге дейін Иран мұнайын арзан бағаға сатып алып келген. Енді бұл мұнай тоқтағаннан кейін бұл Қытайдың экономикасында дағдарыс басталуы мүмкін. Алдағы бір-екі жылда. Иранда мұнайдан бөлек газ да өте көп. Иран газ қоры бойынша әлемде Ресейден кейін екінші орында тұрған мемлекет. Бұл Ресейге де қысым болуы мүмкін. Өйткені, Иран газы толығыменен Еуропаны қамтамасыз ете алады. 

-    Бұл текетірес немен аяқталады? 

Ақ үй басшысы Ирандағы режимді құлатпай, аяғына дейін жеткізбей тоқтамаймыз деп отыр. Соған қарағанда АҚШ пен Израиль Ирандағы ислам режимін түгелімен құлатып, орнына басқа бір адамды қойып ,сосын бір ақ кететін сияқты. Бірақ, енді ол қандай адам болады, кім келеді әзірге белгісіз. Тіпті бұл ұзақ созылып кетуі мүмкін. Өйткені, Ирандағы жүйе бір адамға негізделгенмен ол мысалы, Венесуэладағы сияқты емес, өзгеше. Бірақ, бұл жүйе кетеді. АҚШ аяғына дейін жеткізіп, сосын бір ақ кетеді. Ол анық.