Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінде жүздеген қазақстандық елге қайта алмай отыр. Кеше олар уақытша қонақүйге орналастырылған, алайда Air Astana әуе компаниясы олардың тұру шығындарын әрі қарай өтеуге дайын емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Дубайдағы Қазақстан консулдығының өкілі Әлнұр Аманбектің айтуынша, рейстердің кейінге шегерілуіне байланысты әуе тасымалдаушы барлық шығынды өз мойнына ала алмайды. Оның сөзінше, қонақүй ақысы өтелмейтіндіктен, азаматтарға таныстарынан қарыз алу немесе несие рәсімдеу ұсынылған.
«Қазіргі таңда Air Astana қонақүйлерді толықтай төлей алмайтынын жеткізді. Біз басшылықпен сөйлесуге тырысып жатырмыз. Қонақүймен арнайы баға туралы келіссөз жүргізудеміз. Өкінішке қарай, бұл шығынды өтей алмаймыз. Азаматтар саны көп – 15 мыңнан асады, әрқайсының мәселесі әртүрлі. Сондықтан таныстарыңыздан қарыз алу, ең соңғы нұсқа ретінде несие рәсімдеу қажет болуы мүмкін», – деді консулдық өкілі.
Оның айтуынша, дипломаттар қазір ел азаматтарының және туристік агенттіктердің тізімін жинап жатыр. Туроператорлар арқылы барғандардың шығынын сол агенттіктер өтеуі тиіс деген ұсыныс бар. Ал агентсіз барғандар үшін қонақүй тарапынан жеңілдік қарастырылмақ.
Сонымен қатар Әмірліктер билігі шығындарды өтеуге дайын екенін білдірген. Қазақстан тарапы жоғары органдарға ресми өтініш жолдап, қазақстандықтардың қонақүйде тұруына кеткен қаражатты өтеу мәселесін көтермек.