homepage
Фото: ашық дереккөзден

Иран АҚШ-тан кек алмақ

01.03.2026, 12:48

Иранның ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани мемлекеттік телеарнадан сөз сөйлеп, АҚШ-тан кек алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Америкалықтар иран халқының жүрегіне соққы жасады. Біз де олардың дәл жүрегіне соққы береміз», – деді ол.

CNN телеарнасының мәліметінше, Лариджани – 28 ақпанда қаза тапқан аятолланың басты кеңесшілерінің бірі және Иран билігіндегі ықпалды тұлға. Ол АҚШ пен Израильге қарсы жауап «одан бетер қатаң болатынын» айтты. 

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға ескерту жасап, Иран тарапынан шабуыл жасалса, Құрама Штаттар бұрын-соңды болмаған жойқын соққы беретінін айтқан еді.

Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Лариджани жақын арада Иранды уақытша басқаратын кеңес құрылатынын мәлімдеген. Жаңа аятолла сайланғанға дейін елді президент, сот билігінің басшысы және Конституциялық кеңестің бір мүшесі басқарады.

28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иран аумағына соққы жасаған. Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған шабуыл салдарынан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасын ресми билік 1 наурызға қараған түні растады.

Иран Таяу Шығыстағы америкалық базаларға және Израильге соққы жасап, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Бахрейн аумағына зымырандар мен дрондар жіберді. Абу-Даби әуежайындағы шабуылдан бір адам қаза тауып, Дубай халықаралық әуежайында бірнеше адам зардап шекті. Сонымен қатар Burj Al Arab қонақ үйі дрон соққысынан өртке оранған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ирандағы азаматтар үшін жедел байланыс желісін ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араб елдерінің басшыларына хат жолдады.