homepage
Фото: ашық дереккөзден

Наурызда қандай өзгерістер күтіп тұр?

01.03.2026, 12:08

Наурыз айынан бастап Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлердің күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Салық режимі қайта қаралады, тұрғын үй тетіктері жаңарады, әкімдіктердің құзыреті кеңейеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Кәсіпкерлер автоматты түрде жаңа салық режиміне көшіріледі

1 наурызға дейін жеңілдетілген декларациямен қалғысы келген жеке кәсіпкерлер салық органына хабарлама тапсыруы тиіс болды. Бұл талапты орындамағандар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне өтеді. Яғни есеп-қисап пен төлем тәртібі өзгереді. Бұл шешім қосымша келісімсіз, кері күшпен қолданылады.

Әкімдіктерге айыппұл салу құқығы беріледі

Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктері енді қоғамдық орынды ластағаны және абаттандыру ережесін бұзғаны үшін айыппұл сала алады. Бұған дейін мұндай өкілет тек полицияға тиесілі еді.

Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй жинақ жүйесіне қосылады

19 наурыздан бастап екінші деңгейлі банктер арнайы шот ашып, баспана алуға несие бере алады. Бірақ мемлекеттік сыйлықақы тек мамандандырылған тұрғын үй жинақ банктеріндегі салымдарға ғана төленеді. 1 наурызда «Отбасы банкі» салымшыларына кезекті мемлекеттік сыйлықақы есептеледі.

Үй кезегінде тұрғандар міндетті тексеруден өтеді

2 наурыздан бастап баспана бөлу алдында кезекте тұрған азаматтардың құжаттары қайта тексеріледі. Отбасы құрамы, тұрғын үйінің бар-жоғы, мәртебесі нақтыланады. Тексеруден өтпегендер кезектен шығарылмайды, бірақ жалдамалы баспана мен 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қатыса алмайды.

Зейнетақы қаражатын пайдалану тәртібі өзгереді

2 наурыздан бастап зейнетақы қорындағы артық ақшаны үйге пайдалану өтінімдері қайта қабылданады. Алайда бұл қаражат тек негізгі қарызды өтеуге жұмсалады. Пайыздар мен қосымша төлемдерді азамат өзі төлейді.

Құқық қорғау қызметкерлеріне тұрғын үй төлемі кеңейтіледі

3 наурыздан бастап тұрғын үй төлемін алатын қызметкерлер тізімі ұлғаяды. Тізімге активтерді қайтару қызметі мен аға инспектор-психологтар кіреді.

Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жаза қатаңдайды

1 наурыздан бастап медицина қызметкеріне күш қолданғаны үшін жауапкершілік күшейеді. Денсаулыққа ауыр зиян келтірмеген жағдайда айыппұл немесе 2–3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Өмірге қауіпті әрекет үшін 5 жылдан 12 жылға дейін жаза белгіленген.

Камералар жол тәртібін тексеруді күшейтеді

12 наурыздан бастап жол ережесін бұзуды автоматты жүйелер көбірек тіркей бастайды. Телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау, техникалық байқаудың немесе сақтандырудың мерзімі өтуі сияқты бұзушылықтар камера арқылы анықталады. Кей жағдайларда ескерту де автоматты түрде беріледі.

15 наурызда референдум өтеді

15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтеді. Азаматтар бір ғана сұраққа жауап береді: жаңа Негізгі заңды қабылдай ма, жоқ па.