АҚШ пен Израильдің бірлескен операциясы нәтижесінде Иранның Жоғарғы көсемі Әли Хаменеи қаза тапқанын Иранның Tasnim, IRNA, ISNA, Mehr және Fars мемлекеттік агенттіктері растады. Елде қаралы күн жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, Ислам революциясының Жоғарғы көсемі өз жұмыс орнында — Көсем резиденциясында мерт болған.
«Ол шәһид болған сәтте өзінің тікелей қызметтік міндеттерін атқарып, жұмыс орнында отырған еді. Бұл зымиян шабуыл сенбі күні таңертең жасалды», — деп жазды Tasnim агенттігі.
Ирандық басылымдар: «Сионистік режим мен аймақтағы реакцияшыл күштерге тиесілі БАҚ бұған дейін «Революция көсемі қастандықтан қорқып, қауіпсіз жасырын жерде бой тасалап жүр» деп бірнеше мәрте жалған ақпарат таратқан болатын», — деп атап өтті.
Ел үкіметі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту күнін және 7 күндік демалыс жариялады.
Ал Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК):
«Жақын арада Ислам Республикасы қарулы күштерінің тарихындағы ең жойқын шабуыл операциясы басталады. Ол оккупацияланған аумақтар мен АҚШ базаларына бағытталады», – деп хабарлады.
Аятолланың қазасы туралы бұған дейін Израиль шенеуніктері хабарлап, кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасаған болатын. Алайда Иран билігі бастапқыда бұл ақпаратты жоққа шығарған еді.