Иранның рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қайтыс болды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Трамп өз мәлімдемесінде Хаменеиді "тарихтағы ең зұлым тұлғалардың бірі" деп атап, оның өлімін Иран халқы, америкалықтар және әлемнің түрлі елдерінде Хаменеи саясатынан зардап шеккен адамдар үшін "әділеттің орнауы" деп бағалады.
Сондай-ақ, Ақ үй басшысы өз мәлімдемесінде Иранның бірқатар әскери және қауіпсіздік құрылымдарының соғысты жалғастыруға ниеті жоқ екенін жеткізді. Және ол қажет болса АҚШ өз тарапынан қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін мәлімдеді.
“Бұл - Иран халқы үшін елдегі билік пен болашақты қайта қарауға берілген мүмкіндік”, – деді Трамп.
Сөз арасында ол Таяу Шығыста бейбітшілік орнату мақсатында әскер операциялар қажет болған жағдайда жалғаса береді деп нақтылады.
Алайда, Израиль Қорғаныс күштері Хаменеидің өлімін растаған жоқ - жарияланған тізімде оның есімі болмаған.
Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да Хаменеидің қаза болуы мүмкін екенін айтқан. Израильдің Channel 12 телеарнасы хабарлағандай, Нетаньяху мен Трампқа Хаменеидің мүрдесінің суреті көрсетілген-мыс.