Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи таңертең жасалған соққылар нәтижесінде қаза тапқан болуы мүмкін. Бұл туралы израильдік БАҚ жазып жатыр. Алайда, аталған ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Израиль Хаменеи «кем дегенде жарақат алды» деп есептейді.
Алайда, осыдан бірер сағат бұрын Иран Ислам республикасының сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бұл ақпаратты жоққа шығарды. NBC News телеарнасына берген сұхбатында ол “Жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеи тірі” деп мәлімдеді.
Тегераннан тікелей эфирде сөз сөйлеген ол АҚШ пен Израильдің бірлескен соққыларынан кейін екі қолбасшының қаза тапқанын, алайда режимнің жоғары лауазымды өкілдері, соның ішінде сот билігінің басшысы мен парламент спикері аман қалғанын айтты.
“Жоғары басшылықтың барлық өкілдері тірі. Барлығы өз орындарында, біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз”, деді ол өз сұхбатында.
Арагчи қаза тапқан қолбасшылардың есімдерін атамады. Алайда, Reuters агенттігінің мәліметінше, Иранның қорғаныс министрі Азиз Насирзаде мен Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) қолбасшысы израильдік соққылардан қаза тапқан болуы мүмкін.
Әли Хаменеи Ирандағы бүкіл билікті уысында ұстап отырған адам. 1989 жылы билікке келді. Алдағы сәуірде 87 жасқа толатын ол өзі қаза болған жағдайда орнын басатын үш үміткерді айқындап қойғанын бұған дейін Тегерандағы дереккөздерге сүйене отырып New York Times хабарлаған. Мақала авторларының тұжырымдауынша, Хаменеи рухани көсем қызметінен үміткер үш адам мен әскерді басқара алатын қолбасшылар тізімін әзірлеп қойған.