Дональд Трамп сенбі күні АҚШ Иранға қарсы ауқымды әскери қимыл бастағанын мәлімдеді. Ол бұл туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған бейнеүндеуінде айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақ үй басшысы операция Иранның ядролық және зымыран бағдарламаларына бағытталғанын жеткізді. Оның сөзінше, Тегеран ешқашан ядролық қаруға қол жеткізбейді.
“Біраз уақыт бұрын АҚШ қарулы күштері Иран аумағында ірі әскери іс-қимылдарды бастады. Біздің мақсат – ирандық режим тарапынан туындаған тікелей қатерді жою арқылы Америка халқын қорғау. Олардың әрекеті АҚШ-қа, шетелдегі әскерімізге, әскери базаларымызға және әлем бойынша одақтастарымызға қауіп төндіріп отыр”, – деді Трамп.
Ол Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу АҚШ-тың бұрыннан ұстанған саясаты екенін, бұл ұстаным өзінің әкімшілігі кезінде де өзгермегенін атап өтті.
Трамптың айтуынша, 2025 жылғы соққылардан кейін Вашингтон Тегеранға ядролық бағдарламасын қайта жандандыруға болмайтынын ескерткен. Алайда Иран барлық ұсынысты кері қайтарған.
“Біз оларды ядролық қару жасау әрекетін тоқтатуға шақырдық, келісім жасауға бірнеше рет талпындық. Бірақ олар бұған келіспеді. Өздерінің ядролық мақсатын тоқтатудан бас тартты”, – деді АҚШ басшысы.