homepage
Фото: Reuters.com

Медиа әлеміндегі төңкеріс: Paramount Warner Bros-ты сатып алды

28.02.2026, 11:02

Ойын-сауық индустриясында соңғы жылдардағы ең ірі келісімдердің бірі жасалды: Paramount (Skydance-пен біріккеннен кейінгі жаңа құрылым) Warner Bros. Discovery (WBD) компаниясын 110 миллиард долларға сатып алатынын жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz  Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл қадам Netflix-пен болған ұзаққа созылған бәсекелестіктен кейін жүзеге асып отыр.

Келісім бойынша Paramount әр акция үшін 31 доллар қолма-қол ақша төлейді. Бұған дейін Netflix Warner Bros. активтері үшін 27,75 доллар ұсынғанымен, кейінірек бұл бәсекелестіктен бас тарту туралы шешім қабылдаған. 

Warner Bros. Discovery-дің кіріс және стратегиялық даму жөніндегі директоры Брюс Кэмпбелл компания қызметкерлеріне арналған жиында мәміленің мән-жайын былай деп түсіндірді:

«Netflix-тің Skydance-Paramount ұсынысына сәйкес жаңа шарттар қоюға заңды құқығы болды. Алайда, өздеріңізге мәлім, олар бұл мүмкіндікті пайдаланбауды ұйғарды. Соның нәтижесінде бүгін таңертең PSKY-мен ресми келісімге қол қойылды. Қазіргі жағдай осындай», — деді Брюс Кэмпбелл. 

Екі алпауыттың бірігуі әлемдік киноиндустрия мен стриминг нарығына айтарлықтай әсер етеді. Енді HBO Max және Paramount+ платформалары бірігіп, Netflix-ке қуатты бәсекелес болмақ. Сонымен қатар, мәміле аясында CNN және CBS сияқты ірі ақпараттық желілер де бір холдингтің қарамағына өтеді. 

Келісімнің негізгі кезеңдері 2026 жылдың үшінші тоқсанында толық аяқталады деп күтілуде.