Қазақстандық Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта топ жарып, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алайда тарихи жеңісті марапаттау сәтінде жағымсыз жайт болды – ұйымдастырушылар Қазақстанның 2006 жылдан бері қолданылмайтын ескі Әнұранын қосқан.
19 жастағы спортшы 500 метрді 38,48 секундта жүгіріп өтіп, жеке рекордын жаңартты. Қарсыластары одан 0,3 және 0,48 секундқа қалып қойды. Бұл – Қазақстанның осы қашықтықта жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіндегі соңғы 16 жылдағы алғашқы алтыны.
Жарыс Германияның Инцелль қаласында өтіп жатыр. Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, 2010 жылы дәл осы қашықтықта алтынды Екатерина Айдова жеңіп алған еді.