2025 жылы Қазақстанда 11,8 мың жалдамалы қызметкердің айлық табысы 3 млн теңгеден асқан. Бұл елдегі жалдамалы қызметкерлердің жалпы санының небәрі 0,4 пайыз, деп хабарлайды Juzmedia.kz Ranking.kz деректеріне сілтеме жасап.
3 млн теңгеден жоғары жалақы көбіне қаржы және сақтандыру саласында тіркелген. Мұндай табыс табатын әрбір төртінші қызметкер осы секторда еңбек етеді, шамамен 2,6 мың адам. Екінші орында – тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді игеру саласы (1,9 мың адам), үшінші орында – өңдеу өнеркәсібі (1,3 мың адам). Ал мемлекеттік басқару саласында мұндай жалақы алатындар небәрі 10 адам, коммуналдық секторда – 12 адам ғана.
Өңірлер бойынша ең көп жоғары жалақы алатындар Алматы қаласында шоғырланған – 5,7 мың адам. Атырау облысында – шамамен 1,8 мың, Астанада – 1,3 мың қызметкер 3 млн теңгеден жоғары табыс тапқан.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең жоғары жалақы 7 млн теңгеден басталады. 2025 жылы пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы тау-кен инженері айына 12 млн теңгеден астам табыс тапқан. Құрылыс ұйымының басшысы – 11,5 млн теңге, ал көлік және логистика компаниясының бас директоры 10,4 млн теңге жалақы алған.
Сонымен қатар жоғары табыс алатындар қатарында басқарушылық лауазымы жоқ, бірақ біліктілігі жоғары мамандар да бар. Мәселен, бір аудитор айына 7,3 млн теңге алған. Бизнес-консалтинг саласындағы кейбір мамандардың табысы 6 млн теңгеден асқан.
Алайда жалдамалы қызметкерлердің басым бөлігі орта және төмен табыс деңгейінде. 1 млн-нан астам адам айына 300–500 мың теңге алады. 200–300 мың теңге аралығында – 724,1 мың адам, 100–200 мың теңге аралығында – 711,8 мың адам еңбек етеді. Ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 116,1 мың теңге болған.
Медианалық табыс 300–400 мың теңге аралығында, бұл 613,4 мың қызметкерді немесе 18,4 пайызды қамтиды. Ел бойынша номиналды орташа жалақы 429,4 мың теңге болса, мұндай деңгейдегі табыс жалдамалы қызметкерлердің тек 12,7 пайызына ғана тиесілі.