Шымкентте екі алаяқ үлгерімі төмен студенттерді анықтап, “бағаңды түзеп береміз” деп ақша алып, алдап кеткен. Алданған алты студент полицияға шағымданған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Шымкенттік алаяқтар 2025 жылдың қазан айынан бері TikTok желісі арқылы студенттерді таңдап, боттардың көмегімен олардың телефон нөмірлері мен жеке деректерін білген. Кейін күдіктілер оқу порталынан студенттердің бағаларын тексеріп, қарызы немесе балы жетпейтін жастарға мессенджерлер арқылы хабарласқан. Өздерін жоғары оқу орнының қызметкері ретінде таныстырып, үлгерімнің төмендігі үшін оқудан шығарылатынын айтып қорқытқан.
Бағаларын «түзетіп беруді» ұсынып, 70–80 мың теңге аралығында ақша талап еткен. Ақша аударылғаннан кейін байланысқа шықпай қойған.
Полиция әзірге осындай алты деректі анықтады. Қазір алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.