Щучинскте болған жарылыста қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден өтемақы беріледі. Бұл туралы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Қаза тапқандардың отбасыларына 2 миллион теңге, ал зардап шеккендерге 1 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Әкімдік жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруды, сондай-ақ келген туыстарды орналастыру және алып жүру мәселелерін өз мойнына алады», – деді әкім.
Жарылыс 27 ақпан түнде Щучинсктегі «Палау орталығы» кафесінде, бес қабатты тұрғын үйге жапсарласа орналасқан ғимаратта болды. Оқиға салдарынан 7 адам қаза тапты. Оның алтауы дәмхана қызметкері, бір адам қызметкердің 16 жастағы қызы болып шықты. 28 адам зардап шекті, олардың 13-і әртүрлі дәрежедегі күйіктермен ауруханаға жатқызылды.
Оқиға бойынша жедел штаб құрылып, полиция қылмыстық іс қозғады.