homepage
Фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратура Эпштейн ісіне қатысты тексеру бастады

27.02.2026, 12:29

Ақорда кулуарында Бас прокурор Берік Асылов Қазақстанда Джеффри Эпштейнге қатысты жарияланған материалдар бойынша тексеру басталғанын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

25 ақпанда Мәжіліс отырысында депутат Асхат Рахымжанов Бас прокурор мен ҰҚК төрағасының атына сауал жолдап, қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстарын тексеруді сұраған. Ол сөзінде бұрынғы Премьер-министр әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің аты аталғанын айтты. Қазір Мәсімов мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алуға әрекеттену ісі бойынша жазасын өтеп жатыр.

«Кәрім Мәсімов жазбаларда кемінде сегіз рет аталады. Жазбалардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны тікелей көрінеді», – деген еді депутат.

Берік Асылов бұл мәселеге қатысты алдын ала тексеру басталғанын растады.

«Бұл – маңызды мәселе. Депутат сауал жолдады. Әлем талқылап жатыр. Сондықтан біз құқық қорғау органы ретінде осы деректерді қарап, тексеріп жатырмыз – болды ма, болмады ма», – деді Бас прокурор.

Оның айтуынша, Эпштейннің Қазақстанға келген-келмегені тексеріліп жатыр. Сондай-ақ жекелеген тұлғалардың шетелге шығуына қатысты деректер қосымша зерттелмек. Асылов нақты есімдерді атамады, алайда Кәрім Мәсімовке қатысты сұраққа жауап бере отырып, алдын ала тексеру басталғанын нақтылады.