Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті Щучинскте болған жарылысқа қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Яғни, қылмыстық іс өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуы аясында жүргізілетін болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Аталған қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Мекеме дерегіне сәйкес, зардап шеккендер саны 28 адамға жеткен. Оқиға кезінде жанып жатқан ғимараттан 10 адам құтқарылған. 28 адамның 13-і ауруханаға жатқызылды, сегізі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Жеті адам қаза тапты.
Зардап шеккендердің басым бөлігі әртүрлі дәрежедегі күйік алған. Қазір олардың жағдайын дәрігерлер бақылауда ұстап отыр.
Еске салсақ, Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында жарылыс 26 ақпан күні кешке болған. Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан сегіз газ баллонын алып шыққан.