homepage
Фото: Juzmedia.kz

90 жастағы волонтер ұзақ өмір сүрудің сырымен бөлісті

27.02.2026, 11:38

Қазақстандағы ең жасы үлкен волонтер Петропавл қаласында тұрады. Александра Плясовских жуырда 90-ға толды.

Зейнеткер табиғи жүннен түрлі ойыншықтар тоқып, айы-күні толмай дүниеге келген сәбилер мен балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге сыйға тартады. Ерікті ұзақ өмір сүрудің сырымен бөлісті. 


Табиғи жүннен тоқылған ойыншықтар сәбилердің саусақ моторикасын дамытуға оң әсер етеді. Сондықтан Александра Михайловна шала туған шақалақтарға ойыншық тоқып сыйлауды жөн санапты. 

«Тоқуды 9 жасымда үйрендім. Ол кезде киім-кешек тапшы болатын. Қазір интернеттен түрлі ойыншықтардың сызбасын тауып, соған қарап тоқимын. Кейде волонтерлар клубына 100 ойыншыққа дейін дайындап беремін. Балаларға сыйлық жасап, оларды қуантқанды өте жақсы көремін. Ешқашан бұйымдарымды сатып көрген емеспін. Жалғыз тұрамын. Ұлым Ресейде. Дүкендерге де өзім барып, керегімді сатып аламын. Әзірге бойымда күш қуатым бар, үй шаруасын да атқарамын», – дейді волонтер.

Александра Плясовских үш жыл бұрын «Күміс волонтерлар» клубына қосылған. Содан бері белсенді түрде қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Ол үшін тоқу – жай ғана хобби емес, жан тыныштығын сыйлайтын ерекше әлем.

«Менің әжем ұзақ өмір сүрген. Өкінішке қарай, бауырларымның барлығы бақилық болды. Құдай маған әжемнің жасын берген шығар. Жалпы өзім ешқашан 90-ға немесе 100-ге жетейін деп ойлаған емеспін. Жай ғана басқаларға көмектескенді жақсы көремін. Тек қана жақсы ойлауға, позитивті болуға тырысамын», - дейді зейнеткер.

Қарттық жасына қарамастан, Александра Михайловна белсенді өмір салтын ұстанып, өзгелерге үлгі болып отыр.