«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қорда 650 адам қысқартылатынын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Астана қаласындағы қор қызметкерлерінің жалпы саны 6500 адам, соның 650-і қысқартылмақ. Жақыповтың сөзінше, оңтайландыру шаралары тек әкімшілік-басқару блогына қатысты болады, өндірістік сала қызметкерлеріне бұл өзгерістің әсері тимейді.
Біз әкімшілік-басқарушылық қызметкерлерді 10 пайызға қысқартамыз. Барлық корпоративтік шешім қабылданды. Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс істеп жатырмыз және наурыз айының соңына дейін бұл шешім толық жүзеге асырылады деп ойлаймын, — деді ол Ақордада.
Еске салсақ, бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялар басшыларымен қатаң сөйлескенін айтып, олардың құрылымы мен жұмыс тәсілін қайта қарау қажеттігін ескерткен болатын.