Жиын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, соның ішінде онлайн қосылған министр Саясат Нұрбектің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, БҰҰ жаһандық коммуникациялар департаменті өкілдіктерінің қатысуымен өтті.
Жиынға зум арқылы қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Қазір көп жағдайда кәсіби журналистеріміз блогерлерге, әлеуметтік желідегі белсенділерге жеңіліп жатыр. Бұл осындай қилы заманда журналистің жұмысын шектейді. Олар кей жағдайда жауапкершілікті сезіне отырып, кәсіби журналист айта алмаған нәрселерді айтады, кейді, керісінше жауапкершілікті сезінбеген кейбір медиабелсенділер фактілерді тексеріп, дайындалмай жариялай салады. Контентті кейін журналист зерттеп, зерделеп халыққа ұсынса, оны көпшілік оқымай да қалады. Өйткені жаңалықтың өзінің бір қағидаты бар ғой: «Кім бірінші берсе, сонікі дұрыс» деген. Сонда кәсіби мамандар бәсеке тұрғысынан кәсіби емес мамандардан жеңіліп жатыр. Сондықтан журналист мәртебесін жоғалтпай, жаңа деңгейге шығаруымыз керек», – деді.
Ол осы тұрғыда «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» кітабы журналистерге үлкен қару, білім, жаңа серпін бола алатынына сенім білдірді.
Қазір цифрлы жүйе дамыған сайын ақпараттың санымен оның халыққа жетуі одан да тез, көз ілеспес жылдамдықпен таралуда. Әлемде сәт сайын ақпарат ағыны жаңғырып, адамдардың оны сараптап та үлгермей жатыр. Сондықтан әлемдік журналистика саласы сандық деректермен жұмыс істеу көлемін кеңейтті. Бұдан соң біраз Бұқаралық ақпарат құралдары сандармен, нақты ақпараттармен тікелей жұмыс істеуге көшіп, оларды дереккөзге айналдырды. Сөйтіп, «деректер журналистикасы» немесе «дата журналистика» ұғымы нақты қолданысқа енген болатын. Осы орайда дата журналистикасын елімізде, Орта Азия елдерінде одан әрі дамытып, аталған бағытта журналистердің біліктілігін арттыру үшін сала мамандары білек сыбана кірісті. Нәтижесінде, Орталық Азия елдерімен бірлесіп шығарылған «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» атты еңбек дүниеге келді.
UNESCO IPDS жобасында барлық авторлардың басын қосқан жетекші, саяси ғылым докторы, Нархоз университеті Құық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева басылым туралы:
«2021 жылы ЮНЕСКО-ның Коммуникацияны дамытудың халықаралық бағдарламасының «Орталық Азия елдеріне бейімделген деректер журналистикасы курсын даярлау» жобасын ұтып алған болатынбыз. Курс қазір өзбек, тәжік, қырғыз, ағылшын тілдеріне аударылып тұр, енді мағыналарын бір-бірімен салыстырып, өңдеп редакцияға жібереміз. Жалпы, еңбектің дайындалуына алғашқы жұмыстарынан бастап, соңғы штрихтарына дейін үш жыл уақыт кетті. Мұндағы басты ерекшелік Орта Азия елдерінің бірігіп, дата журналистика курсын жазуы. Журналистика саласында бұрын-соңды мұндай бірлескен халықаралық ұжымның еңбегі болмаған», – деді.
Кітап «Зерттеу және статистика принциптері», «Ашық көздерден ақпарат жинау», «Электронды кестелерге кіріспе», «Сторителлинг тренді деректер журналистикасында» сынды 11 тарауды қамтыған. Жоба авторының ойынша дата журналистиканың Қазақстандағы қазіргі деңгейі әлі де графикалық деңгейде.
Жобаға атсалысқан авторлар: Мадина Мансұрова (Қазақстан), Гүлнұр Тюлепбердинова (Қазақстан), Зарина Буенбаева (Қазақстан), Санатбек Сейдеханов (Қазақстан), Айтолқын Ашимова (Қазақстан), Элира Турдубаева (Қырғызстан), Аита Султаналиева (Қырғызстан), Қымбат Болотбекова (Қырғызстан), Яхутхон Маматова (Өзбекстан), Фатима Муминова (Өзбекстан). Ғылыми еңбек журналистика факультетінің студенттеріне, тәжірибе жинаушы журналистерге, деректер журналистикасына қызығушыларға арналады.
Конференцияда қатысушыларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен әзірленген салалық журналистиканы дамыту жөніндегі «Жол карталарының және ҚР ҒЖБМ-мен бірлесіп әзірленген «Ғылыми журналистика бастамалары: 2025-2027» нәтижелері де көрсетілді.
Нархоз университетінің заң клиникасы жобасын әлеуметтік әсер ету құралы ретінде жүзеге асыру арқылы құқықтық сауаттылық пен тұрақты даму саласындағы тәжірибесіне ерекше назар аударылды.
Конференция Орталық Азия елдерінің мамандары арасында білім мен тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік беріп, адам құқықтары, журналистика және тұрақты даму тоғысындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.