27 ақпанда Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандар саны жеті адамға жеткенін хабарлады.
Қаза болғандардың арасында 16 жастағы қыз бар. Қазір 13 зардап шеккен адам Бурабай аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Алты адам амбулаториялық бақылауға жіберілген.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова:
«Щучинск қаласының стационарына күйіктің әртүрлі дәрежесімен 13 науқас түсті. Қазіргі уақытта алты пациентті Көкшетау қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындап жатырмыз. Жедел медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан дәрігерлер тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматолог бригадасы келді. Қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті. Науқастардың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», – деді.
Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себептері анықталуда. Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін жеткізді.