homepage
Фото: тұрғындар жіберген фото

Алматының орталығында үлкен ағаш құлап, жолды бөгеді

27.02.2026, 09:09

Алматының орталығында «Тұран» университетінің маңында үлкен ағаш құлады. Оқиға Сәтбаев көшесінде, «Тұран» университетінің жанында таңғы қарбалас уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, ағаш шамамен сағат 08:17-де құлаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Көзбен көргендердің сөзінше, ағаш кенеттен құлаған. Абырой болғанда сол маңнан өтіп бара жатқан адамдардың бәрі аман. Ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға жұмыс пен оқуға асыққан жұрт көп жүретін мезгілде тіркелген.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті жол бөлігін тазарту үшін құтқару қызметінің күштері мен техникалары жіберілгенін мәлімдеді. Қазір аумақ тазартылып жатыр.