Алматы полициясы жеткізу қызметтеріне қатысты талаптарды қатаңдатуды ұсынып отыр. Бұл мәселе курьер қатысқан резонансты оқиғадан кейін ірі жеткізу агрегаторларының өкілдерімен өткен кеңесте талқыланған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полиция биометриялық сәйкестендіруді енгізуді талап етіп отыр. Яғни курьерлер жұмысқа тіркелген сәттен бастап тапсырысты орындауға дейін жеке басын растауы тиіс. Сонымен қатар аккаунтты үшінші тұлғаға беруге тыйым салу ұсынылған.
Бұдан бөлек, шетелдік азаматтарды курьерлік қызметке тартуға шектеу қою және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тұрақты бақылау мәселесі көтерілді. Полиция өкілдері агрегаторлар қауіпсіздік талаптарын күшейтуі керек екенін мәлімдеді.