homepage

Уақыт белдеуінің өзгеруі: Әлемдегі басқа қалаларда күн нешеде батады және оның ағзамызға қандай әсері бар

17.12.2024, 09:22

Белдеудің ауысуы туралы жаңалық бірінің көңілінен шықса, енді бірі наразы. Желіде кеңінен талқыланып, наразылық көбейген соң e–gov порталында ескі уақыт белдеуін қайтару бойынша петиция жарияланды. Дегенмен жақында үкімет уақыт белдеуі енді өзгертілмейтінін хабарлады. 

УАҚЫТ БЕЛДЕУІН ӨЗГЕРТУ БІР КҮНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ШЕШІМ ЕМЕС

Бұл мәселені зерттеу жұмысы 2020 жылы басталған. Пандемия салдарынан кейінге шегеріліп, 2023 жылы қайта жалғасқан. Тиісті құжаттар мен деректер Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитетінде қарастырылды. Уақыт өзгергенге дейін еліміздің батыс аймақтары мен Қызылорда облысы GMT+5, ал қалған аймақ GMT+6 белдеуіне жататын. GMT (Greenwich Mean Time) – Гринуич бойынша орташа уақыт, яғни Лондондағы Королдік обсерватория нөлдік меридианнан неше сағатқа алда не артта екенін анықтау үшін бекіткен стандарт. 

Уақыт өзгергеннен кейін оның адам ағзасына пайдасы не зияны туралы пікірлер, жұмыс кестесі, тіпті коммуналды қызмет бағасына кері әсері жайлы талдау жиіледі. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев соңғы мәселе бойынша электр энегриясын қолдану астанада небәрі 4%-ға ғана артқанын мәлімдеді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым министрлігіне азаматтардың денсаулығына әсері туралы зерттеу жүргізу үшін өтініш жолдағаны белгілі болды. Ғылым министрі Саясат Нұрбек бюджеттен қаржы бөлу қарастырылатынын хабарлағанымен, Сауда және интеграция министрлігі бюджеттен қаржы бөлінбейді деп жауап берді. 
    
ҚЫСТА КҮН НЕШЕДЕ БАТАДЫ?

Timeanddate.com сайтының мәліметіне сүйенсек, желтоқсан айында Астанада күн 16:10 шамасында батады. Алматыда 16:20, Шымкентте 16:45-те күн ұясына қонады. Желідегі наразылықтың көбі дерлік Шығыс Қазақстанда күннің ерте батуына байланысты еді. Өскеменде күн 16:28-те, ал Семей қаласында 16:35-те батады. Уақыты өзгеріссіз қалған ел батысына тоқталсақ, Ақтауда 17:58, Оралда 17:26-да қараңғы түседі. 
    
ӘЛЕМДЕГІ БАСҚА ҚАЛАЛАРДА ҚАЛАЙ?

Әлемде күн кеш шығып, ерте бататын қалалар туралы сөз болғанда, ойға алдымен Исландия астанасы Рейкьявик оралады. Расымен, Рейкьявикте желтоқсанда күн сағат күндізгі 11-лер шамасында шығып, 15:30-да батады екен. Дегенмен, timeanddate.com сайтының мәліметіне сүйенсек, Норвегиядағы Лонгийр муниципалитеті мен Тромсо қаласында желтоқсан бойы күн көзі мүлде көрінбейді. Еуропа қалаларына тоқталсақ, Еуропа одағының астанасы Брюссельде 16:36, Берлинде 15:52-де, Варшавада 15:23-те, Ыстамбұлда 17:35-те күн ұясына қонады. Материк шығысындағы Сеулде 17:14-те, Бейжіңде 16:49-да қас қараяды. Көріп отырғанымыздай, әлемдік қалаларымен күннің ұясына қонатын уақытында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Әлбетте, Еуропадағы жұмыс күнінің кешкі 5-те аяқталуы бөлек мәселе. 

ЦИРКАДТЫҚ ЫРҒАҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

Күн қозғалысы физикалық процесс болса, адам ағзасында уақытқа тәуелді биологиялық процесс жүретіні анық. Ғалымдар циркадтық ырғақтың маңызы туралы жиі айтады. Біз уақыт белдеуінің адам ағзасына әсері туралы басқа емес эндокринолог маманнан сұрауды жөн көрдік. Дәрігер-эндокринолог, ғалым, Асахигава медицина университетінің түлегі (PhD), Nazarbayev University School of Medicine ассистент профессоры Құралай Атагелдиева ағзаның адаптивті қасиетінің нәтижесінде адам әртүрлі процеске бейімделгіш екенін айтты. 

"Әлеуметтік сағат ауысқанымен, биологиялық сағатымыз ауыса қоймайды. Уақыт өте келе ағзадағы белсенді адаптивті үрдіс нәтижесінде адам бұл өзгеріске бейімделіп кетеді. Бірақ адаптивті өзгерістер басталғанша, ағзада біраз қиындықтар тууы мүмкін. Циркадтық ырғақ көбіне табиғи жарыққа байланысты. Дүние жүзінде циркадтық ырғаққа қатысты зерттеулер көбіне тек көктемгі және күзгі “күндізгі жарықты үнемдеу” режиміне қатысты жүргізілген. Зерттеу нәтижелеріне қарасақ, көптеген адам ұйқы режимін жаңа уақытқа бейімдегенде қиындыққа тап болған. Алғашқы бірнеше күнде немесе тіпті бір апта бойы ұйқысы бұзылғанын, әдеттегіден кеш ұйықтайтынын немесе ерте оянатынын байқауы мүмкін. Тағы бір зерттеу орташа адам жылдағы басқа түндермен салыстырғанда «күндізгі жарықты үнемдеу» режимі басталғаннан кейін дүйсенбіде 40 минутқа аз ұйықтайтынын көрсетті. Ұйқының бұзылуы адамдардың тез шаршап, жиі әлсіреуіне және концентрациясының төмендеуін сезінуге себеп болуы мүмкін. Сағат жылжуы нашар ұйқы, депрессия, мазасыздық және маусымдық аффективті бұзылулар сияқты әуелден бар проблемаларды күшейтуі мүмкін. 

Таңертеңгі жарық көңіл күйді көтеретін серотонин гормонының деңгейін, ағзаның тонусын жоғарылататын кортизол және тироксин гормондарының деңгейін  жоғарылатады, сол жарыққа қанығу үшін адамдар ертерек оянып, белсенді болуы керек. Ал қараңғы ұйқыға және сергуге көмектесетін мелатонин гормонының өндірілуіне жағдай жасайды, кортизол гормонының деңгейін төмендетеді. Ал ол өз кезегінде метаболикалық денсаулыққа аса маңызды өсу гормонының деңгейін жоғарылатады. Енді елестетіп қарасаңыз, жұмыс әдеттегідей сағат тоғызда емес онда басталды дерлік, ал кешке жұмыстан сағат алтыда емес жетіде шығасыз. Күн сағат алтыда шықты десек, жұмысқа бару үшін сегізде оянасыз. Сонда биологиялық тұрғыдан белсенді болатын уақыттың екі сағатын жоғалтасыз. Ал кешке күн бататын кезде, мәселен, сағат жетіде жұмыстан шықсаңыз, кеш батқанда тынығып, ұйқыға дайындалудың орнына үйге жетіп, кешкі аспен алысып, балалардың сабағын тексерумен әлек болып жатасыз. Сонда мелатонин уақытында бөлінбейді және кортизол деңгейі уақытында төмендемейді. Салдарынан қан қысымы, қандағы қант деңгейі жоғарылап, адамда қауіпті метаболикалық үрдістер орын алуы мүмкін", - дейді дәрігер. 

ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

"Ал енді Қазақстандағы уақыт өзгеруіне келсек, еліміз географиялық тұрғыдан екі сағаттық белдеуде орналасқан және шығыс пен батыстың адамдарының циркадтық ырғағы екі басқа. Осындай әлеуметтік сағатты бір сағатқа кейін жылжыту туралы шешім қабылданған соң шығыс және орталық аймақтарда жұмыс уақытын бір сағатқа ерте бастау сияқты шешім орынды болар еді деп ойлаймын", - дейді Құралай Атагелдиева.

Шешім өзгеріссіз қалатыны хабарланды. Демек, жаңа жүйеге бейімделу керек. Дәрігер-эндокринолог бұл өзгерістің ағзаға кері әсерін болдыртпауға жағдай жасайтын кеңес берді:

  • Ұйқы режимін өзгертіңіз. Кестеңізді біртіндеп ертерек жатуға бейімдеуге тырысыңыз. Егер бұрындары кеше серуендеп, спортпен айналысқан болсаңыз, ондай белсенділікті таңғы уақытқа ауыстырғаныңыз денсаулыққа пайдалырақ болады. Осы орайда спорт орталықтары, фитнес залдар мен бассейндер бір екі сағатқа ертерек ашылса жақсы болар еді. 
  •  Мүмкіндік болса, түстен кейін ұйықтап алыңыз. Егер түстен кейін шаршағаныңызды сезінсеңіз, 20-30 минутқа көз іліп алыңыз. Одан ұзақ ұйықтау одан бетер шаршататынын ескере кеткен жөн. 
  •  Далаға жиі шығыңыз. Ағзаға табиғи жарық аса маңызды. Тәуліктік ырғақтарды сақтауға көмектесетін таңғы жарықта шамамен 15 минут жүруге тырысыңыз. Қазір табиғи жарыққа ұқсайтын ақ жарық шығаратын қораптар бар. Ондай мүмкіндік болса, 10 000 люкс экспозициясы бар жарық қорабын таңдаңыз (люкс - жарық қарқындылығының өлшемі). 30см қашықтықта шамамен 30 минутқа дейін көзіңізді жұмбай отырыңыз. Бірақ жарыққа тіке қарамаңыз. Ол уақытта кітап оқуға, жазуға болады.
  •  Алкоголь мен кофеинді шектеңіз. Алкоголь мен кофеин бар сусындарды ішуді азайтыңыз, өйткені олар ұйқыңызды бұзуы мүмкін.

Авторы: Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ   
 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.