2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электросамокаттарға қойылатын талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазір самокатпен веложолда жүру басымдыққа ие, ондай мүмкіндік болмаса жолдың оң жақ шетімен немесе жиегімен қозғалады. Тротуарда сағатына 6 шақырымнан асырмай жүруге рұқсат етілген. Ал 1 шілдеден бастап тротуармен жүруге тыйым салынады. Тек арнайы белгіленген ортақ аймақтарда ғана баяу қозғалуға болады.
Жаңа тәртіп бойынша жалға берілетін әр самокат тіркеуден өтуі, нөмір алуы және сақтандыруы міндетті түрде болуға тиіс. Компаниялар техниканың жарамдылығын бақылап, бұзылған құралды пайдаланудан шығаруға міндеттеледі. Жүргізуші куәлігі барлық жағдайда талап етіледі. 18 жасқа толмағандарға, куәлігі жоқтарға және көлік басқару құқығынан айырылған адамдарға самокат берілмейді.
Полиция бұл шаралар жол апаты көбейгендіктен қабылданғанын мәлімдеді. 2025 жылы Алматыда самокат қатысқан 386 жол оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен.