АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, соғысты барынша жедел тоқтатуға ниетті екенін жеткізді. Axios басылымының мәліметінше, ол бейбіт келісімге жазға дейін қол қоюды көздейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл ел АҚШ пен Украина президенттерінің қаңтарда Давоста өткен кездесуден кейінгі алғашқы байланыс болатын. Тараптар Шамамен жарты сағатқа жуық әңгімелескен. Әңгіме барысында Трамп соғыстың тым созылып кеткенін алға тартып, оны бір айдың ішінде тәмамдауды қалайтынын айтқан. Зеленский АҚШ тарапынан көрсетілген қолдауға алғыс айтып, соғысты тоқтатуға ықпал ете алатын тұлға ретінде Трампқа сенім артатынын айтқан.
Сөйлесудің алдында Трамптың арнайы өкілдері Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф Женевада Украина делегациясымен келіссөз өткізген. Дереккөздер Ресей тарапынан Кирилл Дмитриевтің де Женеваға келуі мүмкін екенін айтады. Негізгі түйткіл – Украинаның шығысындағы аумақтарға қатысты келіспеушілік.
Тараптар ықтимал үшжақты кездесуді де талқылаған. Зеленский бұған дейін қалған аумақтық дауларды өзі, Трамп және Ресей президенті Владимир Путин деңгейінде тікелей келіссөз арқылы шешу қажет екенін мәлімдеген. Трамп мұндай саммит өтуі үшін алдымен наурыз басында жоспарланған АҚШ, Ресей және Украина өкілдерінің кездесуінде елеулі нәтижеге қол жеткізілуі қажет деп санайды.
Ал, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин Зеленскиймен тек дайын бейбіт келісімді бекіту үшін ғана жүздескісі келетінін меңзеді. Сонымен бірге дереккөздер Трамп Украинаға АҚШ тарапынан ауқымды қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуға әзір екенін жеткізді.