Қазақстанда көлік көп, сонықтан да өлік көп. Жыл сайын Қазақстанның жолдарында 2,5 мың адам жантәсілім етеді. Ең қауіпті жол-көлік апаттары трассаларда жиі болады. Өйткені жол нашар, инфрақұрылымы әлсіз. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, Жол қорын құруды ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Республикалық маңызы бар трассаларды жөндеу мен күтіп ұстауға бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Депутаттың мәліметінше, салаға жыл сайын 1,9 триллион теңге бөлінуі керек. Алайда нақты шығын көлемі шамамен 1 триллион теңге ғана, ал жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға бар болғаны 44 миллиард теңге бөлінеді.
“Қазақстанға ашық, мақсатты және ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ететін тұрақты механизм қажет. Сондықтан, Жол қорын құруды ұсынамыз. Халықаралық тәжірибе мұндай тәсілдің тиімділігін көрсетті. Мысалы, Highway Trust Fund жыл сайын 40–50 млрд доллар жинайды. Германияда жол төлемдері жылына 8–9 млрд доллар, ал Польшада Ұлттық жол қоры шамамен 5–6 млрд доллар береді. Өзбекстанда сала тұрақты түрде жылына 200 млн доллар деңгейінде қаржыландырылады”, – дейді депутат.
Жаңа қор ақылы жолдардан түсетін қаражаттан, транзиттік алымдардан, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарынан жиналуы мүмкін. Және көлік әйнектерін қараңғылауға ақылы рұқсат беріп, осы қаржыны Жол қорына аудару да ұсынылып отыр.