homepage
Фото: Ақорда

"Қазақстанның алтын асығы": Президент Шайдоровқа «Барыс» орденін табыстады

25.02.2026, 16:24

Ақорда резиденциясында XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиададағы бұл жеңістің ел үшін айрықша маңызын атап өтіп, Михаил Шайдоровты “Қазақстанның алтын асығы” деп атады.  

“Баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер. Халқымыз Михаилды мақтан тұтады, ал жас буын одан үлгі алады. Олимпиада жеңімпазы болу – биік мақсат жолында кез келген қиындықты жеңу, яғни, ұзақ әрі күрделі жолға дайын болу деген сөз. Темірдей тәртіппен күн сайын тынымсыз жұмыс істеген адам ғана зор табысқа жетері анық”, – деді Мемлекет басшысы.

Жоғары жетістігі үшін Михаил Шайдоров ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Оның бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденін алды.

Сондай-ақ «Құрмет» ордені Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.