Батыс Қазақстан облысында автожолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жемқорар жеп қойған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
2023 жылғы наурызда мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Сапак» өндірістік кооперативі арасында Жымпиты ауылындағы жолдарды жөндеуге 259 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Алайда «Сапак» директоры қосалқы мердігер «Ақ-Би» серіктестігінің басшысымен келісіп, қаражатты иемдену жоспарын құрған.
Күдіктілер орындалды деп көрсетілген жұмыстар туралы жалған актілерді рәсімдеген. Құжаттарда асфальт төсеу, жер, бетон, су құбыры және басқа да жол жұмыстары толық атқарылды деп көрсетілгенімен, іс жүзінде олар мүлде орындалмаған немесе аз көлемде жасалған.
Осы жалған актілер негізінде тапсырыс беруші бюджет қаражатын «Сапак» кооперативінің есепшотына аударған. Кейін алынған қаржы схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Тергеу дерегіне сәйкес, мемлекетке келтірілген залал көлемі – 56,5 млн теңге.