homepage
Фото: Depositphotos.com

Украинаға қарсы соғысқан қазақстандық сотталды

25.02.2026, 12:14

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар аудандық соты өңір тұрғыны Евгений Люфтті шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды. Іс Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша қаралды. Бұл туралы жергілікті Qazaqstan Media басылымы хабарлады. 

Сот материалдарына сәйкес, 25 жастағы Евгений Люфт былтыр 2 ақпанда Петропавлдан пойызбен Ресейге кеткен. Оның айтуынша, бұған қаржылық қарыздары себеп болған. Мәскеудегі Ленинград вокзалында ол өзін еріктілер ретінде таныстырған адамдармен кездескен. Олар арнайы әскери операцияға қатысу үшін адамдарды іріктеп жүрген.

“Олар қатысқан жағдайда Ресей Федерациясының азаматтығын жеделдетілген тәртіппен алуға, жер телімін рәсімдеуге көмектесетінін, ал қаза тапқан жағдайда туыстарына ақшалай өтемақы төленетінін айтты”, – деді сот отырысында айыпталушы. 

Кейін ол Нижний Новгородқа барып, медициналық тексеруден өтіп, бастапқы әскери даярлықтан өткен. 2025 жылғы 17 ақпанда Ресей қорғаныс министрлігімен бір жылдық келісімшартқа отырып, жетон мен қатардағы жауынгер атағын алған. 1307-гвардиялық мотоатқыштар полкінде «штурмовик-сапер» ретінде қызметке тағайындалып, Ростов облысында қосымша дайындықтан өткен. Оған «Питер» деген шақыру белгісі беріліп, алдымен Луганскке, кейін Бахмут маңына жіберілген. Сол аймақтағы шайқастарға қатысқаны анықталған.

Сот үкімімен Евгений Люфт алты жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.