homepage
Фото: The Chosun Daily

Ким Чен Ынның 13 жастағы қызы зымыран жүйесін басқарады

25.02.2026, 10:39

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қызы Ким Чжу-Э елдің зымыран құрылымында жоғары лауазым атқарады деген мәлімет шықты. Бұл туралы The Chosun Daily басылымы жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оңтүстік Корея барлау қызметінің дерегінше, 13 жастағы Ким «зымырандар жүйесінің бас директоры» ретінде көрсетілген. Ол Кореяның Еңбек партиясы съездеріне қатысып, қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалайды деген мәлімет бар.

Ким Чен Ын қызының қатысуымен ядролық және зымыран сынақтарына байланысты шараларды жиі өткізеді. Сеулдегі сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам жасөспірімнің әскердегі ықпалын ерте қалыптастыруға бағытталған болуы мүмкін.

Ресми түрде зымыран бөлімін Чан Чан-ха басқарады. Алайда барлау мәліметтерінде Ким Чжу-Э генералдардан есеп алып, тапсырма беріп отырғаны айтылады.

Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдары Ким Чен Ынның қызын алғаш рет 2022 жылдың қарашасында жария еткен. Ол кезде ел басшысы құрлықаралық «Хвасон-17» баллистикалық зымыранын ұшыру рәсіміне барған еді. Жуырда Ким Чен Ын қызын мұрагерлікке дайындап жатқаны туралы да ақпарат тараған болатын.