homepage

Атырауда жоғалған отбасының ісі: күдікті күйеу бала Индонезияда ұсталды

24.02.2026, 20:16

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасының ісіне қатысты халықаралық іздеуде жүрген күдікті күйеу бала ұсталды. Ол Индонезияда қолға түсті. 

Бір отбасының 4 бірдей мүшесінің үшті-күйлі жоғалып кеткені туралы ақпарат өткен жылдың қараша айында айтыла бастаған. Ал, 6-қаңтар күні Жангелдин ауылынан 66 жастағы Максот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Ерлі-зайыптыларды өлтірген күдікті деп отбасының күйеу баласы танылып, оған халықаралық іздеу жарияланған болатын. 

ҚР ІІМ қызметкерлері оны шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылынан тапты. Қазір оны депортациялау мәселесі пысықталып жатыр. Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталды. Бұл жөнінде ІІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

«Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысы Жангелдин ауылында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген. 
Қазіргі уақытта оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр», - делінген құзырлы орган таратқан ақпаратта.