Су ресурстары және ирригация министрлігі көктемгі су тасқыны мүлде болмайды деп кепілдік беру мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бірінші вице-министр Нұрлан Алдамжаров брифингте:
«Мұндай кепілдікті ешкім бере алмайды. Бірақ 2024 жылғы су тасқынынан сабақ алдық. 2025 жылға қауіпті аймақтарды алдын ала анықтап, залалсыз өткізу үшін шара қабылдадық. 2026 жылғы тасқын кезеңінде де осы жоспармен жұмыс істейміз», – деді.
Министрлік бастапқы гидрологиялық болжамды «Қазгидромет» ұсынатынын атап өтті. Сол деректер негізінде су қоймалары мен гидротехникалық нысандардың жұмыс тәртібі реттеліп, тасқын қаупін азайту шаралары іске асырылады.
Нақтылаған болжам 1 наурызда жарияланады. Содан кейін су қоймаларының жұмысын қосымша реттеу туралы шешім қабылданады.
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, биыл көктемгі тасқын қаупі жоғары бес өңір бар.