Отбасы банк бірнеше өңірде жеңілдетілген ипотека бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастады. Жылдық мөлшерлеме 2% немесе 5% болып белгіленген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бағдарлама шарты бойынша несие пайызы кезек санатына қарай жылына 2% не 5% болады. Бастапқы жарна кемінде 10% болуы тиіс және ол қаржы Отбасы банкіндегі депозитте жатуы қажет. Тұрғын үй сертификатын да пайдалануға мүмкіндік бар. Өтінім Otbasybank.kz порталы арқылы онлайн қабылданады.
Пәтерлер кезекте тұрған азаматтар арасында бөлінеді. Тұрғын үйдің 70%-ы басым санатқа кіретіндерге, яғни ардагерлерге, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы отбасыларға және өзге де санаттағы азаматтарға беріледі. Тағы 20% жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қарастырылған.
Барлық пәтерлер таза әрлеумен тапсырылады.
Бағдарлама Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарына, сондай-ақ Петропавл, Көкшетау, Талғар және Тараз қалаларының тұрғындарына қолжетімді.