homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Петропавл тұрғыны әкімдіктен жолдағы шұңқыр үшін 2 млн өндіріп алды

24.02.2026, 10:34

Петропавл қаласында жолдағы шұңқырға түсіп, көлігі аударылған әйел әкімдікті сотқа беріп, істі жеңіп шықты. Сот шешімімен оған 2 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қалалық №2 соттың мәліметіне сәйкес, жол-көлік оқиғасы 2024 жылдың қаңтар айында Қизатов көшесінде болған. Әйел жүргізген автокөлік мұзға түскен дөңгелектің салдарынан аударылып, көлікке елеулі механикалық зақым келген. Сараптама барысында жол жамылғысындағы ойықтың тереңдігі 8 сантиметрге дейін жеткені анықталған.

Сот отырысында жолдың жай-күйіне жауапты Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тиісті бақылау жүргізілгенін дәлелдейтін нақты деректер ұсына алмаған. «Қазгидромет» филиалы оқиға күні қар жауып, ауа температурасы нөлден төмен болғанын растады. Бұл жағдай көктайғақтың пайда болуына әсер еткен. Дәл осы аумақта бес минут ішінде тағы бір көлік апатқа ұшыраған, ал келесі күні сол көшеде 3–4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, кемінде 11 адам зардап шеккен.

Сот шешімімен әйелдің пайдасына материалдық шығын ретінде 1 106 277 теңге және моральдық зиян үшін 1 000 000 теңге өндірілді.