homepage
Фото: Ақмола облысының ПД

Бір бүйрек құны - 25 000$

24.02.2026, 11:07

Алматы облысының тұрғыны Көкшетауда бүйрегін 25 мың АҚШ долларына саудалаған. Ол әлеуметтік желіде органын сататыны туралы хабарландыру жариялап, ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, күдікті өз органын сату мақсатында интернетте хабарландыру орналастырған. Арнайы операция барысында ол Көкшетауда қолма-қол ақшаның бір бөлігін алып жатқан сәтте ұсталды», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.

Тексеру барысында күдіктінің бұған дейін де осындай мазмұндағы хабарландырулар бергені анықталған. Ұсталған кезде одан ақша, ұялы телефон, медициналық құжаттар мен талдау қорытындылары тәркіленді.

Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазақстан заңнамасына сәйкес, адам ағзасын сатып алу мен сатуға тыйым салынған. Мұндай әрекетке барған тұлғалар, делдалдар мен сатып алушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.