Мексиканың батыс өңірлерінде жаппай тәртіпсіздік басталуына байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі сол елде жүрген азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, қазір Мексикадағы Қазақстан елшілігінде 35 азамат консулдық есепте тұр.
“Қазақстанның Мексикадағы елшілігі елдегі жағдайды жіті бақылап отыр. Отандастармен тұрақты байланыста. ҚР азаматтарына сақ болуға және сыртқа шықпауға кеңес берілді”, — деп хабарлады СІМ.
Еске салайық, жексенбі күні Мексиканың батысындағы бірқатар ауданда әскери операция аясында «Халисконың жаңа буыны» есірткі картелінің жетекшісі өлтірілгеннен кейін қақтығыстар күшейген. Ел аумағында блокбекеттер қойылып, әуе компаниялары жергілікті әуежайларға рейстерді уақытша тоқтатты. Билік тұрғындарды жағдай толық тұрақталғанға дейін үйлерінен шықпауға шақырып отыр.