Үкімет 2026 жылы геологиялық барлау жұмыстарына 40,7 миллиард теңге бағыттайды. Қаражат 20 геологиялық түсірілім жобасын бастауға жұмсалады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Биыл аэрогеофизикалық және далалық зерттеулер жүргізу жоспарланған. Оның нәтижесі нақты іздеу және барлау жұмыстарын бастауға негіз болады.
Геологиялық түсірілім Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облыстарын, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарын қамтиды.
Сонымен қатар Шу–Сарысу және Солтүстік Торғай мұнай-газға перспективалы, аз зерттелген шөгінді алаптарында 2D форматында алты сейсмобарлау жобасы жүзеге асырылады. Барлық жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Жалпы үш жыл ішінде мемлекеттік геологиялық зерттеулерге шамамен 240 миллиард теңге немесе 500 миллион доллар қарастырылған.