Түркістан облысындағы колледж жатақханасында студент қыздарды ерлер бөлмесін тазалауға мәжбүрлеген. Оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, қоғамның қызу талқысына түсті деп, хабарлайды Juzmedia.kz.
Студент қыздар жатахана әкімшілігі ерлер бөлмелерін жуып-тазалаудан бас тартса, жатақханадан шығарамыз және душты өшіреміз деп қорқытқанын айтады.
«Қазір анықтадық. Полиция келді. «Үнемі осылай қысым жасала ма?» деп сұрады. Қыздар мұндай жағдай бірінші рет болғанын айтты. Екі тарап келісімге келді. Бірақ дөрекі сөйлегені үшін жатақхананың 6 қызметкеріне сөгіс бердім», – дейді колледж директоры Айдос Кенжеханұлы.
Оның сөзінше, жатақханада аптасына бір рет санитарлық күн өтеді, әр студент өз бөлмесін өзі тазалауға міндетті. Ал дәліз бен әжетхананы техникалық қызметкерлер жинайды.
«Бүгін бізде облыстық спартакиада өтіп жатыр. Алыстан келген адамдар жатып қалуы мүмкін деп бөлмелер тазаланған. Ұлдар ауылда болған соң сондағы қыздарға өтініш жасаған. Көнбеген соң дөрекі сөйлеген. Студенттер жатақханадан шығарылмайды. Оларға қысым енді көрсетілмейді», – деп сендіреді колледж директоры.
Облыстық білім басқармасы бұл жағдайды бақылауға алып, арнайы комиссия құрғанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта студенттермен және ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ішкі тәртіп талаптарын күшейту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Жауаптыларға қатысты заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады», – делінген басқарма хабарламасында.
Мекеме дерегінше, колледжде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханада тұрады.