homepage
Фото: DW.com

Мексикадан маза қашты

23.02.2026, 12:33

Мексиканың қарулы күштері елдегі ірі наркокартельдің жетекшісі Немесио Осегера Сервантесті арнайы операция кезінде өлтірді. Ел ішінде «Эль Менчо» лақап атымен танымал наркобаронның өлімі тәртіпсіздіктерге ұласып, Халиско штатында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

 

Ол ұзақ жылдар «Халисконың жаңа буыны» (CJNG) ұйымын басқарып, мемлекеттің қауіпсіздік күштерімен қақтығыстардан тайынбайтын қатыгездігімен есте қалды деп жазады The New York Times (NYT). Картель негізінен кокаин, метамфетамин және фентанил есірткілерін АҚШ аумағына жеткізумен айналысқан.

Дереккөздерінің мәліметінше, Осегера өзінің картелі шоғырланған Халиско штатындағы Тапальпа қаласында өлтірілген. Вашингтондағы Мексика елшілігі әскери операция жүргізу үшін қажетті ақпарат АҚШ тарапынан ұсынылғанын мәлімдеді. 

Халиско штатының губернаторы Пабло Лемус Наварро әлеуметтік желілерде картель мүшелері мен Мексика Қарулы күштері арасында қақтығыс болғанын растады, алайда егжей-тегжейін ашып айтпады. Оның айтуынша, күштік құрылымдар келген сәтте картельмен байланысы бар белгісіз адамдар операцияға кедергі жасау үшін автокөліктерді өртеп, жолдарды жауып тастаған.

Халисконы қоса алғанда, кемінде бес мексикалық штатта тәртіпсіздіктер басталған. Кейбір аудандарда қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылып, тұрғындарға үйлерінен шықпауға кеңес берілді. Штат астанасы Гвадалахара қаласында да өрт оқиғасы тіркелді, бұл қалада бірнеше айдан кейін футболдан әлем чемпионаты өтуі тиіс.