homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Алматы тауларында тағы бір турист көз жұмды

23.02.2026, 10:34

22 ақпанда Іле Алатауындағы Титов асуында 3400 метр биіктікте төрт адамнан тұратын туристік топ қар көшкініне тап болды. Соның салдарынан екі адам қар астында қалып, біреуі қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігі:

«Қар астында қалған екі туристің бірі өздігінен шыға алды. Екіншісін аман алып қала алмадық», – деп хабарлады.

23 ақпанға қараған түні құтқарушылар марқұмның денесін қар астынан шығарып алғанын мәлімдеді. 

Титов асуы теңіз деңгейінен шамамен 3600–3650 метр биіктікте орналасқан. Бұл – Іле Алатауындағы туристер жиі баратын бағыттардың бірі. Асудың арғы бетінде Тұйықсу мұздығы мен Титов шыңы бар. Қаладан асуға дейін жаяу көтерілуге орта есеппен 10–12 сағат уақыт кетеді.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі жоғары екенін бірнеше рет ескерткен болатын.