homepage
Фото: Olympic.kz / Сали Сабиров

Олимпиада аяқталды

23.02.2026, 10:17

Осымен Италиядағы Қысқы олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. Бұл ойындарға Қазақстаннан 36 спортшы аттанып, 10 спорт түрі бойынша сынға түскен еді. Олимпиадаға қатысу үшін ел бюджетінен 13,3 мдрд теңге бөлінген болатын. Медальдық есепте ел құрамасы бір ғана алтын жүлдемен 19-орынға тұрақтады. Бірініші орында 18 алтын медальмен Норвегия тұр. Сосын жалпы жиынтығы 33 медальмен АҚШ, үштікті он алтын медальмен Италия түйіндеді. 

Қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты Верона қаласында өтті. Рәсім көне әрі әйгілі нысан – екі мың жылдан астам тарихы бар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Арена ди Верона амфитеатрында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қысқы Олимпиада тарихында алғаш рет жабылу кеші осындай тарихи амфитеатрда өтті. Көне құрылыс заманауи сахнаға айналып, шоу «Beauty in Action» – «Қозғалыстағы сұлулық» атауымен ұсынылды. Негізі идея – спорт, өнер мен табиғаттың үндестігін көрсету. 

Салтанатты бағдарламаға 800-ден астам әнші, музыкант пен биші қатысты. Арнайы көпдеңгейлі жарықдиодты сахна орнатылып, костюмдер италиялық опера дәстүріне сай тігілді. 

Фото: Olympic.kz

Мәдени бөлімде Акилле Лауро, Бенедетта Поркароли, Габри Понте және өзге де өнер иелері сахнаға шықты. Әлемге танымал балет әртісі Роберто Болле жетекшілік еткен хореографиялық қойылым кештің шарықтау сәттерінің біріне айналды. Людовико Эйнаудидің әуенімен Олимпиада алауы сөндірілді.

Дәстүрге сай спортшылар шеруі өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын бұл Олимпиадада алтын медаль иеленген мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алып шықты.

Фото: Olympic.kz

Рәсім соңында Олимпиада туы түсіріліп, оны 2030 жылғы қысқы Олимпиаданы қабылдайтын Франция өкілдеріне табыстады.